Accessibility links

Шымкент соты журналист Марина Низовкинаны депортациялаудан бас тартты


Журналист Марина Низовкина (қара түсті киім киген) өзінің өкілімен бірге сот залында отыр. Шымкент, 2 наурыз 2024 жыл.
Журналист Марина Низовкина (қара түсті киім киген) өзінің өкілімен бірге сот залында отыр. Шымкент, 2 наурыз 2024 жыл.

3 наурызға қараған түні Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты журналист Марина Низовкинаны депортация жасаудан бас тартып, қалалық полиция департаментінің шағымын қанағаттандырмады.

“Іс құжаттарына сәйкес Низовкина Қазақстанда тұрып, кезінде бірнеше әкімшілік құқықбұзушылықты жасаған. Оның жасаған іс-әрекеті мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртіпті қорғау мүдделеріне қайшы келмейді, жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеген” деді сот шешімін түсіндірген судья Құлтасова.

Сот Низовкинаның Қазақстанда туылғанын, тұрғылықты мекен-жайы Шымкентте екенін, осында жұмыс істейтінін, отбасылы, кәмелет жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырғанын ескерген.

“Шымкент қалалық полиция департаментінің Марина Низовкинаны Қазақстаннан шығарып жіберу туралы арызы қанағаттандырылмасын” деді судья Құлтасова.

Сот істі қарауды бастағанда Низовкинаны Ресей азаматы деп таныстырды. Ол сотта Ресей азаматтығын жоғарғы оқу орнында бюджет есебінен оқу үшін алғанын айтты. Талап етуші тарап Низовкина шетел азаматы бола тұра “Қазақстанның ішкі ісі - сайлау науқанына араласты” деп санайды. Арызды Шымкент қалалық полиция департаменті көші-қон басқармасы түсірген. Мүдделі адам ретінде қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Рүстем Ашетаев танылған.

12 ақпанда Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі сотының апелляциялық алқасы журналист Марина Низовкинаны "Жала жабу" бабымен айыпты деп танып, 180 айлық есептік көрсеткіш (1,3 мың доллар) көлемінде айыппұл салған. Ол кезде журналисті сотқа Шымкент полиция департаменті басшысының орынбасары Ермахан Әбдіраманов берген еді. Шағымға журналистің желідегі сыни жазбалары себеп болған. Бұдан бұрын қалалық әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты істі тоқтату туралы қаулы шығарған болатын.

Atameken business телеарнасының және Vera.kz сайтының тілшісі Низовкина Instagram’да 2023 жылы қыркүйекте Әбдірамановтың қызметтік көлігін эвакуаторға салып жатқан сәтінен фото жариялаған. Низовкина инспекторлар "көлік өтірік нөмермен жүруі мүмкін” деп күдіктенген. Әбдіраманов шағымында журналистің желідегі жазбасы "абыройы мен беделін түсіретінін" атап көрсеткен.

XS
SM
MD
LG