Accessibility links

Кэмерон: Украина Ресей аумағына соққы жасай алады


Украина президенті Владимир Зеленский және Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон (оң жақта). Киев, қараша 2023 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский және Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон (оң жақта). Киев, қараша 2023 жыл.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, қазіргі сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Украина британ қаруымен Ресей аумағына соққы жасай алады деп мәлімдеді.

"Украинаның солай істеуге құқығы бар. Ресей Украина аумағына соққы жасап жатыр, Украинаның өзін қорғағысы келетінін түсінуге болады" деді Кэмерон Киевке сапары кезінде. Оның сөзінен Reuters агенттігі үзінді келтіреді.

Кэмерон сонымен бірге Ұлыбритания Украинаны әрі қарай да қолдай береді деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Лондон Киевке жыл сайын 3 млрд фунт береді және мұндай көмек "қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт" жалғаса береді.

Ол сонымен бірге Ұлыбритания қарумен қамтамасыз ету жағынан қолынан келгеннің бәрін істеген.

23 сәуірде Лондон Украинаға 617 млн доллар (500 млн фунт) көлемінде әскери көмек беретінін жариялаған. Бұл ел тарихындағы ең ірі көмек деп айтылады. Бұл қаражат Украинаға шұғыл қажет оқ-дәрі, әуе қорғанысы, дрон, инженерлік құралдарды жеткізуге жұмсалмақ.

Әскери пакет құрамында 1600-ден астам соққы жасайтын және зениттік ракеталар, оның ішінде шамамен 250 шақырымға дейін ұшатын қанатты ракеталардың жаңа партиясы да бар.

Бұған дейін Ресей билігі Украина қарулы күштеріне мұндай қару түрін беру "қызыл сызықтан өту" болып саналады, яғни мұндай қадамға жауап берілетінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG