Accessibility links

"Өзатом": Өзбекстан Ресейге АЭС салдыру бойынша нақты шешім қабылдаған жоқ


Өзбекстанның Жизақ облысында АЭС салынуы мүмкін орында жүргізіліп жатқан инженерлік жұмыстар.
Өзбекстанның Жизақ облысында АЭС салынуы мүмкін орында жүргізіліп жатқан инженерлік жұмыстар.

Ресей өкілдерімен Өзбекстанда атом электр станциясын салу бойынша келіссөздер жалпы мәлімдемелер деңгейінен әрі аспады. "Өзатом" басшысы Әзім Ахмедқожаев журналистер сұрағына осылай деп жауап берді.

"Біз қазір жай ғана келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жалпылама мәлімдемелерден басқа нақты ештеңе жоқ. Ресей жағы да жалпылама мәлімдеме жасағанмен қосымша мәлімет беріп, басқа қырынан ұсынып жатыр. Бірақ қазір нақты ештеңе жоқ. Біз олармен қай салада қандай мүмкіндіктер барын қарастырып жатырмыз" дейді Өзбекстан атом энергетикасын дамыту жөніндегі агенттіктің директоры Әзім Ахмедқожаев.

Өткен аптада «Росатом» корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары Кирилл Комаров Өзбекстанмен АЭС құрылысына қатысты келіссөздер "әжептәуір сәтті" өтіп жатыр деп айтқан.

"Бұл өте маңызды шешім болғандықтан ешқашан күнін атамаймын. Бұл алдағы 100 жылда Өзбекстанда қандай да бір жағдайды қалыптастыратын шешім. Сондықтан да асығып-аптығып, қандай да бір қателікке жол бергеннен гөрі қосымша уақыт бөліп, барлық нюанстарды асықпай талқылап алған жөн. Бірақ біз бұл жобаны нақты жүзеге асыруға кірісуге кез келген уақытта дайынбыз" деді "Росатом" өкілі Кирилл Комаров.

Алайда "Өзатом" жетекшісі ресейлік шенеуніктің сөзін растаған жоқ. Ахмедқожаев өзбек жағы Ресеймен тек энергетика саласында ғана әріптестік орнатып отырмағанын атап өтті.

"Себебі атом бұл тек энергия ғана емес. Медицина, ауыл шаруашылығы, су тазалау және өзге салалар бар. Қазір біз өзге де бағыттарды талқылап жатырмыз. Содан кейін бізге бірінші кезекте қай саланы дамыту керек, сол айқындала түседі" деді "Өзатом" жетекшісі.

"Өзатомға" наурыздың соңында ғана басшы болып келген Әзім Ахмедқожаев атом энергетикасы бойынша өзге елдермен келіссөз жүріп жатпағанын, бірақ Өзбекстан өзге елдердің ұсыныстарын қарайтынын жеткізді.

Өзбекстан энергетика министрі Жорабек Мырзахмудов былтыр қарашада Ташкент АЭС құрылысына қатысты Ресей «тәжірибесі мен технологиясын» ғана емес, басқа да елдердің технологиясын да қарастырып жатыр деп мәлімдеген.

Сол кезде де Мырзахмудовтың сөзі "Росатом" жетекшісі Алексей Лихачевтің пікірімен сәйкес келмеген. Лихачев оның алдында "Өзбекстанмен АЭС салу бойынша келіссөздер аяқталу кезеңінде тұр" деген еді.

Ташкент пен Мәскеу 2018 жылғы қыркүйекте Өзбекстанда АЭС салу бойынша әріптестік туралы келісімге қол қойған. Оған сәйкес, "Росатом" Өзбекстанға "3+" буынына жататын ВВЭР-1200 қондырғысы бар екі блокты кешен салып беруі керек. Станция Өзбекстанның бюджет қаржысына және Ресейдің мемлекеттік несиесіне салынатыны айтылған.

АЭС салынатыны туралы ақпарат тараған күннен бастап Өзбекстанда қоғам белсенділері мен тұрғындар оның қауіпсіздігіне алаңдап, сейсмикалық төзімділігі мәселесін де талқылап келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG