Accessibility links

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Астана Мәскеу мен Киевке "келіссөз алаңын" ұсынуға дайын екенін мәлімдеді


Дәурен Абаев
Дәурен Абаев

Украинадағы ахуал бойынша келіссөз Ресейдің қатысуынсыз өтуі мүмкін емес және Астана оларға алаң беруге дайын деп мәлімдеді Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ресейлік мемлекеттік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында.

"Ресейдің қатысуынсыз бұл процестерді жүргізу мүмкін емес. Әрине, бұл процестерде Ресейдің пікірін ескеру керек. Біз бітістіруші емеспіз, алайда алаң ұсынуға, қандай да бір жағдай жасауға әзірміз. Келіссөз бастау өте маңызды" деді Қазақстан президент әкімшілігі төрағасының бұрынғы орынбасары Дәурен Абаев.

Швейцария конференциясының бастамасы (Швейцарияда маусымның ортасында Украина бойынша конференция өтеді, оған 160 делегация қатысады, Ресей шақырылмаған) туралы сұраққа жауап берген Абаев "Ресейдің пікірінсіз қандай да бір келісімге келу қиын, тіпті мүмкін емес" деді. Оның сөзінше, Қазақстан Швейцарияның Люцерн қаласында өтетін конференцияға шақырылмаған.

Ресей басқыншылығымен күресіп жатқанына үшінші жыл болған Киев майданда оқ-дәрі, техника, жауынгер тапшылығына ұшырап отыр.

Абаев Қазақстанның қорғаныс министрлігі Украинаға әскери өнім тасымалдады деген ақпаратты "фейк" деп атады. Мұндай ақпаратты бұған дейін ресейлік БАҚ жариялаған. Елшінің сөзінше, Қазақстан Ресейдің одақтасы, екі ел арасында "ең жоғары саяси деңгейде өте жақсы өзара түсіністік бар".

Абаев сұхбатта Қазақстанда русофобия жоғын бірнеше рет қайталады. Дипломаттың сөзінше, қазақтар мен орыстардың "ортақ тарихы бар, менталитеті де ұқсас, тіпті белгілі бір дәрежеде мәдени жағынан да үндестік бар".

Ресейдің одақтасы Астана Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ, ресми түрде қолдаған да жоқ. Астана Ресей аннексиялап алған Украина жерлерін Ресейдің бөлігі деп таныған жоқ. Журналист-зерттеушілердің айтуынша, Ресей одақтастарын Батыстың санкциясын айналып өтуге пайдаланады: көрші елдерде тіркелген фирмалар Кремльге қос мақсатта пайдаланылатын тауарлар мен өнімдерді жеткізеді.

XS
SM
MD
LG