Accessibility links

"Тоз-тоз болып далада жүрміз". Құлсарыда судың беті қайтар емес, тасыған Тобыл Қостанайды әуреге салды


Суда қалған үйлер, арнасынан асқан Тобыл өзені. Қостанай, 9 сәуір, 2024 жыл.
Суда қалған үйлер, арнасынан асқан Тобыл өзені. Қостанай, 9 сәуір, 2024 жыл.

Атырау облысы Құлсары қаласында жағдай әлі қиын. Тасқыннан қатты зардап шеккен қалада қалған тұрғындар суға кеткен үйлерін қарайлап жүр. Ал Қостанай облысында Тобыл өзені тасып, жүзден аса үйді су алды. Есіл өзенінің көтерілуі Солтүстік Қазақстанға, Жайықтың көтерілуі Батыс Қазақстанға қауіп төндіріп тұр.

"ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ДЕГЕН ОСЫ МА?"

66 мың адам тұратын Құлсары қаласындағы үйлердің және кәсіпкерлік нысандардың көбі суда қалған. Су үйлердің іргетасынан асып, бел ортасына дейін жеткен. Жер үйлердің аулалары судан көрінбейді.

Қаладан 33 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге эвакуацияланғанымен, кейбір адам суға кеткен үйін қарайлап, судың қайтқанын күтіп жүр.

Азаттық Құлсарыдан жүргізген тікелей эфир жазбасы (9 сәуір, 2024 жыл)

– 5 сәуірде су келген соң түнде бала-шағамды, енемді пойызға салып жібердім. Үйден құжаттар мен дәрі-дәрмек алып шығуға ғана үлгердім. Су басқан күннен бері тоз-тоз болып далада жүрміз, баспана жоқ. Машинада қонып жүрміз, шыны керек, – дейді Құлсары тұрғыны Гүлназ Елеусінова Азаттыққа.

Гүлназдың күйеуі Ақылбек Өмірзақов су ортасында тұрған лаундж-барды нұсқап, "мынау – менің кәсібім, артында үйім тұр" деді. Оның сөзінше, үйінің ішінде тізеге дейін су кірген, ал лаундж-бардың ішіндегі су 20 сантиметрдей болады.

– Үкімет шығынымызды өтеп береді деп үміттенемін, көршілер де қиналып қалды, – дейді Өмірзақов.

Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. 9 сәуір, 2024 жыл.
Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. 9 сәуір, 2024 жыл.

Құлсарыда халық тасқынды қалаға өткізбеуге тырысып, өздері бөгет жасағанымен, су қалаға өтіп кеткен. Ақылбек Өмірзақов қаланы су басқан күні, 5 сәуірде төтенше жағдай департаментінен де, "112" нөмерінен халыққа ескерту хабар келмегенін, "112" нөмерінен хабарлама қалаға су кіріп қойған соң ғана, 6 сәуірде жеткенін айтады.

Тұрғындар төтенше жағдай департаментінен алдын ала хабарлама келгенде, күнібұрын дайындалып, дер кезінде төтенше жағдай жариялағанда қандай да бір шара қолданып үлгерер ме едік деп отыр.

– Жұмыс жасалып жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ жұмыс жәй басталды. Өрт басталып кеткен соң өрт сөндіруші келіп өшіріп жатқандай болды. Алдын алу жұмыстары болмады, – дейді қала тұрғыны Өмірзақов.

Құлсарыдағы тасқынға Атырау облысына көрші Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауында еріген қар су себеп болған. Тауда еріген қардан Жем өзенінің арнасы толып, тасыған су Құлсарыны басып қалды.

Су алған үйлерге алыстан қарап тұрған адамдар. Құлсары қаласы, 9 сәуір, 2024 жыл.
Су алған үйлерге алыстан қарап тұрған адамдар. Құлсары қаласы, 9 сәуір, 2024 жыл.

Құлсары халқы Маңғыстау облысынан келген белсенділер, еріктілер көп көмектесіп жатқанын айтады. Тасқынмен күреске өздерінің жеке техникаларын пайдаланған.

– Тасқынмен күресті өз бетімізбен, өз күшімізбен жасап жатырмыз. Бізге ешқандай техника берілген жоқ. Елді тамақпен де қамтамасыз етіп жатқан – халық пен еріктілер, – дейді жергілікті тұрғын Мұхит Ізтұрғанов.

Ізтұрғанов су басқан Құлсарыны нұсқап, "Жаңа Қазақстан деп ұрандайды. Жаңа Қазақстан деген осы ма?" деп налыды.

– Әкімдіктер дрон ұшырып, клип түсіруге ғана болмаса, басқа ештеңеге дайын емес, – дейді ол жергілікті биліктің тасқынға дайын болмағанын сынап.

Суда қалған үйлер. Құлсары қаласы, 9 сәуір, 2024 жыл.
Суда қалған үйлер. Құлсары қаласы, 9 сәуір, 2024 жыл.

Құлсарыда 20 жылдан бері тұрып жатқан Райхан Кәрменова су алған үш бөлмелі жер үйін қарайлап жүр. Ол "Құлсарыдан су кететін түрі жоқ" деп қайғырады.

– Бұл сергелдең қай уақытқа дейін жалғасады? Бала-шағамыз басқа жерде қалай жүреді? Аяғы ауыр келініміз бар, өмірге келетін сәбиіміз бар. Мені мазалайтыны, тұрғын үйді қайдан табамыз деген сұрақ, – дейді Карменова.

Құлсарылық Гаухар Аланазарова да "бұл су бір-екі айда кетпейді, себебі бұл – сор жер" деген қаупін білдірді.

Төтенше жағдай министрлігі қазір қалада 2810 үйді және нысанды су алған деп хабарлады.

Құлсары қаласы. 9 сәуір, 2024 жыл.
Құлсары қаласы. 9 сәуір, 2024 жыл.

7 сәуірде Құлсарыда екі ер адам өлі табылған. Облыстық ТЖД "6 сәуірде екі адам суға кеткен үйлерін көреміз деп трактор мініп шығып, жолда трактор аударылған" деп отыр.

Бұдан бөлек, 6 сәуірде Құлсарыдағы суға кеткен үйін қарап келем деп шығып, хабарсыз кеткен екі адам – Болатбек Ермекбаев пен Асылхан Нұржау әлі табылған жоқ. Жоғалған екі адамның жақындары іздеу жұмыстары басында баяу жүргенін айтады.

– Екеуі байланысқа шықпаған соң өзіміз іздей бастадық. Телефонын алмаған соң ТЖМ-ға хабарластым. Бірақ 6 сәуір кешке дейін, тіпті түнге дейін ТЖМ адамдары мұнда болған жоқ. Оларға адам жоғалғаны туралы хабар түсті, бірақ келмеді. Басында іздеу жұмыстары баяу жүрді, біз жоғары жаққа шыққан соң ғана ТЖМ жұмысын тереңдете бастады. Қазір жұмыс жүріп жатыр, бірақ нәтиже жоқ, – дейді Болатбек Ермекбаевтың қызы Диана Азаттыққа.

"Табиғи құбылыс" па, "немқұрайды қарау" ма? Он жылдағы су апаттары
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:30 0:00

ҚОСТАНАЙ: ҚҰЛАҒАН ҮЙЛЕР, ҚОРЫҚҚАН ЖҰРТ

Тасқыннан зардап шеккен Қостанай қаласының оңтүстік кіреберісінде біраз үй мен кәсіпорын, мекемелер де суда қалған.

Су басқан кейбір үйлер құлап, бүлінген. Су бірнеше үйдің шатырына дейін жеткен.

Жергілікті халықтың айтуынша, Рудныйдағы Қаратомар су қоймасынан келген судан Тобыл өзені арнасынан асып, тасыған су жан-жағына жайылған.

Арнасынан асып жайылған Тобыл өзені. Қостанай, 9 сәуір, 2024 жыл.
Арнасынан асып жайылған Тобыл өзені. Қостанай, 9 сәуір, 2024 жыл.

Қостанай облысындағы жедел штабтың 9 сәуірдегі мәліметінше, облыстағы Қостанай мен Қарасу аудандарында және Қостанай қаласында 161 жеке үйді су алған. Облыста 1005 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Қостанай қаласындағы "Колесные ряды" шағын ауданында тұратын Алексей Анапрейчиковтың үйінің ауласын су басып қалған.

Алексей Анапрейчиков су алған үйі мен ауласын көрсетіп тұр. Қостанай, 9 сәуір, 2024 жыл.
Алексей Анапрейчиков су алған үйі мен ауласын көрсетіп тұр. Қостанай, 9 сәуір, 2024 жыл.

Алексей 6 сәуірден бері үйіне келіп, сыртынан торуылдап жүр. Су Анапрейчиков үйінің бел ортасына дейін жеткені көрінеді.

Қостанай қаласындағы Дачная көшесін де су басқан. Осы көшеде тұратын Нина Алексеева өмірінде мұндай тасқынды бірінші рет көргенін айтады.

– Мұндай тасқынды теледидардан ғана көретінмін. Бірақ басыңа түссе, өте қорқынышты екен. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Үйімізге су келе жатып, 100 метр қалғанда тоқтады. Жетпейді-ау деп үміттеніп, түнімен қайта-қайта қарап жүрдік. Бізге дейінгі үйдің бәрін су алып кетті. Ең өкініштісі, адамдардың еңбегі бір-ақ күнде күйіп кетті. Кім өтеп береді оны? Заттай шығынға да, моральдық қысымға да ұшырады, – дейді ол.

Дегенмен 9 сәуірде Қостанай облысындағы жедел штаб бұл облыста тасқынның шарықтау шегі өтті деп хабарлады.

БАСҚА АЙМАҚТАРДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Төтенше жағдай министрлігі қазір Солтүстік Қазақстан облысында "тұрақты қиын жағдай" қалыптасты дейді. Есіл өзенінің көтерілуіне байланысты 33 елді мекен мен Петропавл қаласының кейбір аумақтарына су басу қаупі төніп тұр. Ал үкімет 239 адам тұратын Заречный ауылын көшіруді тапсырған. Болжам бойынша, бұл ауылға су үш күн ішінде келуі мүмкін.

Арнасынан асқан Шаған өзені. Орал, 1 сәуір, 2024 жыл.
Арнасынан асқан Шаған өзені. Орал, 1 сәуір, 2024 жыл.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің деңгейі де көтеріліп жатыр. Облыс әкімдігі Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарындағы 94 елді мекен мен Орал қаласының Жайық өзені жағасындағы аудандарына қауіп төніп тұрғанын айтады. Ол жерлерде 80 мыңнан аса адам тұрады.

БҚО әкімдігі Ресейдің Орынбор және Челябинск облыстарынан су Батыс Қазақстанға 15-20 сәуірде келеді деп болжам жасады. Қазір Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысында да тасқын салдарынан жағдай қиын. Орынборда дабыл қағылып, жергілікті билік халықты су басып қалу қаупі бар аймақтағы үйлерінен кетуге шақырып жатыр. Жайық өзенінің Ресей аумағындағы тұсында су бір түнде 25 сантиметрге дейін көтерілген, ал 33 сантиметр қауіпті меже саналады.

9 сәуірде Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов үкімет мүшелерімен тасқынға байланысты жиын өткізіп, зардап шеккен халыққа жан-жақты қолдау көрсетілсін деп тапсырма берді. Бектеновтің сөзінше, елде тасқын басталғалы 86 мың адам эвакуацияланған. Ол үкіметке үйлері тұруға жарамай қалған адамдарды уақытша баспанаға орналастыру мәселесін шешуді тапсырды. Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үйінен айырылған адамдарға баспана салып беріледі деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG