Accessibility links

"Алаш шәхидтері" күні һәм Хасен Оралтай


Омбы қаласындағы архивтен табылған Алаш әскері туралы видеодан скриншот.
Омбы қаласындағы архивтен табылған Алаш әскері туралы видеодан скриншот.

Алашорданың автономиясын жақтаушы ұйымдар 20 сәуірді "Алаш шәхидтерінің күні" ретінде белгілеуге келіседі. Хасен Оралтайдың Алашорда идеясын зерттеуі және советтік Қазақстанда қазақша басатын жазу машинкасының тапшылығы туралы "Азаттық радиосы – 70 жыл" аудиоподкасының бүгінгі эпизодынан тыңдауға болады.

Осыдан 105 жыл бұрын қазіргі Семей, сол кездегі Алаш қаласында Алашорда милициясынан алғашқы адам құрбан болған. Кіші командирлердің бірі, жасы 25-тегі Қази Нұрмұхаметұлы 1918 жылы 6 наурызда әскери жаттығу кезінде большевиктер оғынан қаза табады. Оны жерлеу рәсіміне сол кездегі Алаш белсенділерінің көбі қатысқан. Қазидің қабірі басында Міржақып Дулатов "Тұңғыш құрбан" деген өлеңін оқығаны, Райымжан Мәрсеков, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкерім Құдайбердіұлы бастаған тағы да біршама адам сөйлегені жайында "Сарыарқа" газетінде жазылған.

Алашорда белсенділері Қазидің жоғын жоқтап, қызыл әскер штабына да шағымданған. Алайда большевиктер бұл мәселені "бұзақылық" ретінде қарастырып, іс әскери революциялық сотқа берілгенін айтады...

Подкасты тыңдаңыз:

Хасен Оралтай және Алашорда идеясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:27:21 0:00

НЕГЕ 20 СӘУІР?

Осы оқиғадан кейін 20 сәуірді "Алаш шәхидтерінің күні" деп атау ұйғарылған. Азаттық радиосының Сәкен Сейфуллиннің жазғандарына, сол арқылы "Сарыарқа" газетіне сілтеме жасап хабарлауынша, Алашорда автономиясының билігін қолдайтын қазақ жастарының ұйымдары осындай тоқтамға келген. Осы күні олар Алаш әскерінің алғашқы құрбаны Қази Нұрмұхаметұлының отбасына көмектесу үшін акция өткізуге келіседі. Және сол шара жүзеге асқаны айтылады.

1992 жылы 20 сәуірде Азаттық радиосының эфирінен берілген осы туралы хабарды Хасен Оралтай әзірлеген. Бұл кезде ол Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры болатын.

Бірінші кезекте айтатын жай – бұл хабар Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында ғана сақталған сияқты.

Хабарда тек Алашорда құрылған кезде емес, оған дейін де тәуелсіздік жолында күресіп қаза тапқандар жинақталып, "Алаш шәхидтері" деп аталады. Хабар совет кезінде Қазақстанда тыйым салынған, репрессияға ұшыраған Мағжан Жұмабаевтың өлеңімен басталады.

"Сарыарқа" газетінің 1918 жылғы 15 сәуір күнгі саны. Газеттің төртінші бетінде Алашорда милициясы кіші командирлерінің бірі Қази Нұрмұхаметұлының қазасына орай телеграмма мәтіні жарияланған. Сурет баспасөз тарихын зерттеуші Абай Мырзадан алынды.
"Сарыарқа" газетінің 1918 жылғы 15 сәуір күнгі саны. Газеттің төртінші бетінде Алашорда милициясы кіші командирлерінің бірі Қази Нұрмұхаметұлының қазасына орай телеграмма мәтіні жарияланған. Сурет баспасөз тарихын зерттеуші Абай Мырзадан алынды.

"Алаш шәхидтері күні" алғаш рет 1918 жылғы көкектің 20-сы күні Қазақ елінің өзінде белгіленген болатын. Міне, биыл оған 73 жыл толып отыр. Кезінде әлгі қазақтан шыққан тұңғыш кәммүніст деп мадақталатын Сәкен Сейфолланың да ашық мойындағанындай, "Алаш шәхидтері күнінің" алғаш белгіленуіне қазақ жастары ынташы болған" деген диктор хабар жүргізетін адамды "Қаташұлы" деп таныстырады. Бұл Хасен Оралтайдың бүркеншік аты болатын.

Әрмен қарай хабар былай жалғасады. Хабар мәтінінде "Қаташұлының" қолтаңбасы, емлесі сақталып беріледі:

"Алаш шәхидтерінің" тұңғыш еске алынғанын, ол жөнінде саналы түрде жиналыс шақырылғанын "Алаш" партиясының "Қазақ" газеті советтік жағынан жабылып тасталғаннан кейін шығарылған баспасөз органы – "Сарыарқа" газеті баяндап берген-ді. Ол шындықты да әлгі алашшыларға шабуылдап, коммунистерге жағымпазданып жазған "Тар жол, тайғақ кешу" кітабында Сәкен Сейфолла ашық мойындаған. Мысалы, ол "Алашорданың" тұңғыш қолбасыларынан Қази деп аталатын офицер қызыл армияға қарсы соғысып жүрген кезінде шәхид болғанына меңзеп, сол кездегі қазақ студенттерінің "Бірлік" деп аталатын ұйымының шақырған жиналысын әңгімеге арқау еткен.

Мәселен, аталған кітабының 138-139-беттерінде Сәкен Сейфолла былай деген: "Семейде, ол кезде Семей Алаш қаласы деп аталатын-ды, Алашорда милициясының бастығы Қази деген жігіт большевик солдаттары атқан оққа ұшқанда, Омбыда "Бірлік" ұйымына мүше студенттер, оқыған ұландар Қазидің жолын ұмытпасқа ант қылған еді. Олар ант қылып, "Сарыарқа" газетіне телеграмма соққан-ды. Телеграммалары 1918 жылдың көкек айының 15-і күнгі №38 нөмірде басылған еді.

Телеграммаларында мынадай сөздер бар еді.

"От жанды, ұлт қанды есіл қыршын, жас Қази бауырымыздың мезгілсіз қаза тапқанына өте қайғырамыз. Бірақ Қазидің арманы жоқ. Ұлт жолында тұңғыш құрбан болды. Жастарға жолбасшы, жұлдыз, түпкі идеал болды. Біздер Қазиді және оның үлгілі жолын ұмытпасқа Құдай алдында, ар алдында уәде бердік. Сол уәдеге бірінші негіз салу үшін 20 көкекте қазақша ойын жасап, түскен сап пайданың жартысын Қазидің артта қалған бір жасар ұл баласының тәрбиесіне бермек болдық. Және басқа уақытта да жәрдем көрсетіп тұруға да қаулы істедік. "Бірлік" қауымының жастары."

Сәкен Сейфолла алашшыларға шабуылдап, коммунистерге жағымпазданған кітабында алашшыл жастардың сол ант, уәделерін мықтап ұстағандығын да білдірген. Міне, сол ант-уәдеге сай, белгіленуі дағдыға айналған "Алаш шәхидтері күніне" биыл 73 жыл толып отыр. Бастапқыда да ескертілгендей, бұл Алаш азаматтары халқының тәуелсіздігі үшін күресіп, сол жолда қаза болған барлық алаш шәхидіне тәңірден рақмет тілей отырып, оларды толық құрметпен ойға оралтады. Бұл шет елдерде ұлттық борыш саналатын дәстүрге де айналды".

1992 жылы 20 сәуірде эфирден берілген осы хабарда автор тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстанда "Алаш шәхидтері" құрметіне ескерткіш тұрғызуға ұсыныс білдіреді.

ТӘУЕЛСІЗДІК – АЛАШ ИДЕЯСЫ

1918 жылы Алашорда милициясы кіші командирлерінің бірі Қази Нұрмұхаметұлының қазасы сол кезде дүмпу, резонанс тудырған оқиғалардың біріне айналған. Аталған хабарды әзірлеген Хасен Оралтай кейін өзінің "Елім-айлап өткен өмір" деген естелік-кітабында "Алаш шәхидтері күні" туралы да жазған.

Онда автор өзі кезінде жұмысына араласқан Түркелі комитетінің "Бүйүк Түркелі" басылымының 9-санында Алаш шәхидтері күні туралы мақала жазылғанын еске алады. Жазылған дерекке қарағанда, мақала 1985 жылы басылған. "Бұл – марқұм Әлихан Бөкейханұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мен серіктерінің кезінде бастаған және марқұм Мұстафа Шоқайұлы мен ізбасарлары елден тыс мухажеретте (эмиграцияда) жалғастырған күресті мүмкіндігінше жас буынға ұластыруға тырысқандық" деп атап көрсетеді. Хасен Оралтайдың жазғанына қарағанда, "Бүйүк Түркелі" басылымының осы саны Түркістанның, яғни түркітілдес елдердің әдебиеті мен тарихына арналған.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорын зерттеген жас ғалым Бақытжан Ақтайлақтың айтуынша, Хасен Оралтай тәуелсіздік жолында күрескендерді алаламай, олардың қызметін Алаш идеясы аясында қарастырады.

– Ол Алаш автономиясының құрылуын да, Түркістан (Қоқан) мұхтарияты құрылымын да қазақ мемлекеттігіне ұмтылыс ретінде бағалаған. Оның құрамындағы тұлғалардың қай-қайсысы болса да қазақтың болашағы, тәуелсіздігі үшін күрескендігімен құнды, – дейді Бақытжан Ақтайлақ.

"НЕГЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ БАСАТЫН МАШИНКА ЖЕТІСПЕЙДІ?"

Бақытжан Ақтайлақтың айтуынша, Хасен Оралтай совет дәуірінде Азаттық радиосында Қазақстан баспасөзіне жасаған шолуында да елде шындықты айта алмай отырған кейбір шығармашылық адамдарын жақсы түсінген сияқты. Халықаралық сауда желісі арқылы советтік Қазақстанда шыққан басылымдар Азаттық радиосының редакциясына да жеткізіліп отырған.

– Осындай шолу хабардың бірінде Хасен Оралтай кейбір жергілікті авторлардың жеріне жеткізе айта алмаған сөздерін кеңінен түсіндіруге тырысады. "Біз бұл ғалымның ойын жақсы түсінеміз, ол тақырыпты ашық айта алмай отыр. Жұмсақ айтқанына кінә артпаймыз. Оған біздің де ой қосуға хақымыз бар" деп, Қазақстан баспасөзінде жарияланған кейбір өзекті мақалаларды ұштап, дамытып, түсіндіріп отырған, – дейді Бақытжан Ақтайлақ.

Сондай мақалалардың бірінде Қазақстанда қазақ тілінде басатын жазу машинкасының тапшылығы айтылған екен. Хасен Оралтай мұраларын зерттеуші жас ғалым Бақытжан Ақтайлақ Азаттық радиосы осындай мәселелерге қарап, совет саясатына баға беріп отырған дейді.

– Азаттық радиосы елдегі басылымдардың біріне сілтеме жасап, Қазақстанда қазақ тілінде басатын жазу машинкасы жетпейтінін айтады. Сол мақалада әсіресе журналист, редакторлар қатты қиналатыны сөз болады. Совет Одағындағы халықтардың бәрі бір-бірімен тең болса, қазақ тілі де басқа тілдермен қатар гүлденіп дамып жатса, неге онда әлі күнге дейін қазақ тілінде басатын машинка жетіспейді? Неге мұндай жағдайға жеткізді? Демек, Совет Одағындағы әділдік күмәнді болғаны. Азаттық радиосы қалыптасқан жағдайдан осындай түйін шығарған, – дейді Бақытжан Ақтайлақ.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында оның советтік Қазақстаннан қандай газет-журнал жаздыртып алатынын көрсететін түбіртектер де сақталған. Егер оған сенсек, Хасен Оралтай Қазақстан баспасөзін редакцияға өз қаржысына жаздыртқан болып шығады.

Биыл туғанына 90 жыл толып отырған Хасен Оралтай туралы "Азаттық радиосы – 70 жыл" аудиоподкасының бүгінгі эпизодынан көбірек тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG