Accessibility links

"Назарбаевпен келісімнің бұзылуы, компромат және билігі күшейген Тоқаев". Самат Әбішке қатысты тергеудің астарында не жатыр?


Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) немере інісі, сол кездегі ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбішті марапаттап тұр. Астана, 6 мамыр, 2014 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) немере інісі, сол кездегі ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбішті марапаттап тұр. Астана, 6 мамыр, 2014 жыл.

Экс-президенттің немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбішке қатысты тергеу элита арасында текетірес бар ма деген пікірталас тудырды. Бұл тергеудің астарында не жатыр? Азаттық сарапшылар пікірін сұрап көрді.

РЕСМИ ЖҰМЫССЫЗДАН КҮДІКТІГЕ ДЕЙІН

45 жасына дейін небәрі екі жерде қызмет істеді, Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін ресми түрде жұмыссыз қалды, енді күдіктіге айналды. Бұл әсте қарапайым адам жайлы емес, Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, қырыққа толмай генерал-лейтенант погонын таққан Самат Әбіштің басындағы жағдай.

Әбіштің еңбек кітапшасында небәрі екі жұмыс орны жайлы жазба бар: ол әділет министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде (ҰҚК) қызмет атқарған. Екі мекемеде ғана істегеніне қарамастан, Әбіштің тасы лезде өрге домалап, мансабы жылдам өсті.

Генерал Самат Әбіш – ҰҚК төрағасының орынбасары. 6 мамыр, 2017 жыл.
Генерал Самат Әбіш – ҰҚК төрағасының орынбасары. 6 мамыр, 2017 жыл.

Небәрі 37 жасында ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымына қол жеткізген Әбішті сарапшылар билік транзитіне дейін ықтимал мұрагер ретінде қарастырған.

Бірақ 2022 жылдың басында Тоқаев билігіне қауіп төндіріп, 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін Әбіштің саяси мансабы аяқталып, қызметтен алынды. Ал оқиғадан 18 ай өткенде бас прокуратура елде құдіреті ең күшті болған отбасының өкіліне қатысты тергеу бастады. Енді Әбіш "Қаңтар оқиғасы кезінде қызметін асыра пайдаланды" деген айып бойынша күдікті.

Бас прокуратура Әбішке қатысты тергеу басталғанын хабарлағаннан бір күн бұрын Алматыда Қаңтар бойынша істе айыпталушылардың бірі, ҰҚК-нің 5-департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов соттағы сөзінде Самат Әбіштің атын атаған. Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне бұйрықты Әбіш бергенін айтты.

Ысқақовқа "қызметін асыра пайдаланды", "адамды бостандығынан заңсыз айырды", "қылмыстық топ құрып, басқарды" деген айыптар тағылған. Ысқақовтан басқа бұл істе 40-тан астам айыпталушы, оның ішінде "Жабайы Арман" деген лақап атпен танылған Арман Жұмагелдиев пен Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген бар.

Билік былтыр жыл басында болған қанды оқиға үшін басты кінәні Әбіштің тікелей басшысы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасарына артқан. Қанды Қаңтардың алғашқы күндері бейбіт наразылық зорлық-зомбылыққа ұласқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "арнайы дайындықтан өткен 20 мың лаңкес" келгенін мәлімдеген, бірақ оқиға басылған соң биліктің Қаңтар жайлы ұстанымы өзгерді. Кейін президент "мемлекетке опасыздық жасаған жоғары лауазым иелері билікті басып алуға әрекеттенгенін", "елді ыдырату үшін ойына келген барлық тәсілді қолданғанын", тіпті елдегі ахуал туралы өзіне жалған ақпарат бергенін мәлімдеді.

Нәтижесінде биыл сәуірде Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды" және "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға бостандығынан айырылды. Оның орынбасары Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Өсіпов 3 жылға сотталды. Мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер қаралады деген себеппен сот жабық өтті. Сот отырыстарында не айтылғаны белгісіз. Бұл іс Қаңтардың бетін ашпады, оқиға жайлы сұрақтарға жауап бермеді.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен бұрынғы орынбасарларына сот үкімі шыққан сәт. Астана қаласының соты таратқан фото.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен бұрынғы орынбасарларына сот үкімі шыққан сәт. Астана қаласының соты таратқан фото.

"Мәсімов астыртын сөз байласқан басты тұлға ретінде сотталғанымен, билікті басып алу жоспарының мән-жайын, ол билікті біреуге бермек болды ма, әлде өзі Қазақстан басшысы болуға ұмтылды ма, білмейміз. Оның бәрі құпияға жатқызылды" дейді саяси шолушы Виктор Ковтуновский.

Мәсімов пен оның орынбасарлары көп жылға түрме жазасына кесілсе де, оның бірінші орынбасары – Самат Әбіш осы күнге дейін нысанаға алынбай келді. Биыл ақпанда бас прокурор Берік Асылов Әбіштің Қаңтар бойынша істе тек куәгер статусында жауап бергенін мәлімдеген.

"ТОҚАЕВПЕН КЕЛІСІМ" ЖӘНЕ "КОМПРОМАТ" ФАКТОРЫ

− Самат, қалайсың?

− Әлхамдуллила, Құдайға шүкір, амал жасап жүрмін!

Заңсыз жолмен "Қазақтелекомнан" 12,7 млрд теңге, "Қазақстан теміржолы" компаниясына тиесілі "Көлік сервис орталығынан" 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған Қайрат Сатыбалды былтыр қыркүйекте онлайн сот отырысы басталғанға дейін інісі Самат Әбішпен сөйлесіп, осылай хал-жағдай сұрасты.

Бұл Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасынан кейін жұртқа алғаш және соңғы рет көрінуі еді. Ол – көпшілік алдына көп шықпайтын тұлға, қазір қайда жүргені белгісіз. Бас прокуратура Әбіштің Қазақстанда жүргенін, одан елден шықпау туралы қолхат алынғанын хабарлаған.

Самат Әбіш пен Қайрат Сатыбалды – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 34 жасында қайтыс болған інісі Сатыбалды Назарбаевтың балалары. Қайрат Сатыбалдыны Forbes Kazakhstan іскерлік басылымы 2018 жылы елдегі ең ықпалды кәсіпкерлердің қатарына қосқан. Бұл уақытта оның байлығы 163 миллион доллар деп бағаланған. Сатыбалдының Kaspi.kz АҚ-да үлесі болған, ол оны 2018 жылы 466 миллион долларға сатты.

Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурызында қамауға алынып, оған Қаңтарға қатысы жоқ айыптар тағылды. Ол былтыр қыркүйекте "серіктерімен бірге 40 миллиард теңгені талан-таражға салды" деген айыппен алты жылға сотталған.

Сарапшылар Қаңтар оқиғасынан кейін билігін біртіндеп күшейтіп жатқан Тоқаевтың Назарбаевтың туыстарын таңдап қана нысанаға алуының артында оның экс-президентпен белгілі бір мәміле жасасқаны себеп деп болжаған. Сарапшылар Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасынан кейін емес, дәл қазір тергеуге ілінгені Тоқаев пен Әбіштің арасында немесе Тоқаев пен Назарбаевтың арасында келісім болғанын көрсетеді дейді.

Саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев бұл келісімге күш құрылымдарында қызмет еткен Әбіштің қолындағы компромат түрткі болуы мүмкін деп топшылайды.

Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабының мұқабасы.
Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабының мұқабасы.

Күш құрылымы жетекшілігіне келгендердің элита мен билік басындағыларға қарсы компромат жинауы − елде үйреншікті жағдай. 2000 жылдардың басында экс-президент Назарбаевтың сол кездегі күйеу баласы Рахат Әлиев ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2007 жылы қайын атасының қаһарына ұшыраған соң елден ауған Әлиев жоғары лауазымды шенділердің телефон әңгімелерін жариялай бастады. Назарбаевтың жеке өмірінің құпиясын ашатын "Өкіл қайын ата" кітабын шығарды. Қазақстанда билік бұл кітапқа тыйым салып, оны таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп ескертті.

"Әбіштің қолында да үлкен компромат болса керек. Бәлкім, бір жарым жылдан астам уақыт жүргізілген келіссөз оның әлдебір нәрсені қайтаруы қажеттігімен байланысты болуы мүмкін. Немесе қазір айып тағылуы ол сол нәрсені қайтармағанымен я болмаса ол белгілі бір мәмілеге келуі үшін оған қысым көрсетумен байланысты болуы мүмкін" дейді Сәтпаев.

"ТОҚАЕВ БИЛІГІН БЕКІТЕ ТҮСТІ"

Тоқаев билігіне қауіп төндірген Қаңтар оқиғасынан кейін президент өз билігін бекітетін қадамдар жасады: Конституцияның үштен бірін өзгертетін түзетулер енгізу бойынша референдум өткізді, Назарбаевқа артықшылық беретін мәртебе (елбасы) мен заңдар жойылды, Астанаға ескі атауын қайтарды. Шетел сарапшылары мұны Назарбаевтан арылу процесі деп санайды.

Тоқаев Қаңтардан соң бұрынғы президенттің туыстарын қызметтен кетірді. Экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент мәжілісінің депутаты мандатын тапсырды. Оның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаев QazaqGaz ұлттық компания басшылығынан босатылды. Ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі Тимур Құлыбаев "Атамекен" кәсіпкерлерді қолдау палатасының төрағалығынан кетті. Кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі Димаш Досанов "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясының бас директоры қызметінен алынды.

"Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев өзін сенімсіз сезінді. Тоқаев төңірегін тазалап, өз адамдарын тартып, қоғам мен халықаралық қауымдастық алдында ғана емес, бюрократиялық аппарат пен элита алдында өзін бас ойыншы етіп көрсету үшін өз легитимдігін арттыруға тырысты. Қаңтардан кейін бірінші президент пен оның туыстарына уақытша тиіспеу туралы келісім болса, енді Тоқаев өзін әлдеқайда күшті сезінеді, сөйтіп, бұл келісім енді жұмыс істемейді деп есептейді" дейді Сәтпаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар құрбандарына орнатылған "Тағзым" мемориалының ашылуында сөйлеп тұр. Алматы, 23 желтоқсан, 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар құрбандарына орнатылған "Тағзым" мемориалының ашылуында сөйлеп тұр. Алматы, 23 желтоқсан, 2022 жыл.

Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін саяси және экономикалық реформалар іске асады деп уәде еткен. Қаржы аудитін жасайтын KPMG-дің 2019 жылғы есебіне сүйеніп, елдегі байлықтың жартысына 162 қазақстандық иелік ететінін, ал халықтың жартысының табысы 50 мың теңгеден аспайтынын айтты. Дегенмен халықтың әлеуметтік тұрмысы әлі де күн тәртібіндегі мәселе, 2022 жылы жылдық инфляция 20 пайыздан асып түсіп, жұрттың табысын жалмап жатыр. Биыл тамыз-қыркүйек айларындағы теңгенің құнсыздануы импорт тауарларды қымбаттатып, халықтың қалтасын қаға бастады.

Досым Сәтпаев Тоқаев өз рейтингісін көтеру үшін Самат Әбішті қудалауды саяси технология ретінде қолданған болуы мүмкін дейді.

"Тоқаев бір жарым жылдың ішінде саяси реформаларды іске асырмады. Экономикада да жақсы нәтиже көрсете алмады. Мұндай кезде рейтинг көтерудің бір жолы ақпарат алаңына бірінші президенттің туыстарын қудалау, қамау туралы ақпаратты біртіндеп шығарып отыру" дейді ол.

Самат Әбішке қатысты тергеудің немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Саяси сарапшы Виктор Ковтуновский Әбіш Қаңтар оқиғасына қатысы жоқ деп танылып, ісі сотқа жетпей қалуы немесе керісінше жағдай болып, айыптау үкімі шығуы да ғажап емес дейді. Бірақ сарапшы мұның астарында элитааралық қақтығыс жатыр деп айту ерте деп есептейді.

"Бұрынғы президенттің төңірегіндегілердің байлығын тартып алып жатқанын көріп отырмыз. Қай олигарх қанша ақша бергені жайлы жаңалық шығып тұрады. Бірақ бұл процеске ешқандай қарсылық байқалмайды" дейді Ковтуновский.

Сарапшы Сәтпаев Тоқаев позициясын күшейткен сайын элита өкілдерін нысанаға алу процесі жалғаса береді деп есептейді. Себебі билік дәулетті элита өкілдерін қауіп көреді, оларды активтерден айырып жатқаны содан. Оның пайымдауынша, нысанаға алу процесі ерте ме, кеш пе, президенттің етжақын туыстарына да жетеді.

"Мұның бәрі Тоқаев тұсында сахна сыртындағы ойындар, көлеңкелі келіссөздер, біреуді дәл қазір ұстап жазалау, ал басқасын әзірге қоя тұру тәрізді сот жүйесін саяси конъюнктура үшін қолдану жалғасып жатқанын көрсетеді. Бұл Назарбаев құрған ескі Қазақстан жүйесі ешқайда кетпегенін тағы бір айғақтайды" дейді Сәтпаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG