Accessibility links

"Мұстафа Шоқай дауысының бір нұсқасын Уәли Қаюм-Хан сақтаған"


Мұстафа Шоқай (сол жақта) мен Уәли Қаюм-Ханның суреттерінен коллаж.
Мұстафа Шоқай (сол жақта) мен Уәли Қаюм-Ханның суреттерінен коллаж.

Алаш қайраткерлері туралы арнайы бағдарламалар тізбегін үзбеген Азаттық Мұстафа Шоқай туралы совет пропагандасына қалай қарсы тұрды? Шоқайды "өлтіртті" деген түркістаншы Уәли Қаюм-Хан Азаттыққа ол жайлы не айтты? "Азаттық радиосы – 70 жыл" подкасының кезекті эпизодында радионың бұрынғы қызметкерлері осы туралы еске алды. Уәли Қаюм-Хан Мұстафаның қазасында болған жалғыз түркістандық екенін айтады.

Мұстафаның дауысын сақтаған Уәли Қаюм-Хан сұхбатында не айтты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:01 0:00

"МҰСТАФА АТАМЫЗ МАҒАН ҚАРАП СӨЙЛЕП ТҰРҒАНДАЙ СЕЗІНДІМ"

Азаттық радиосы 1953 жылы наурыз айында Германияның Мюнхен қаласында құрылды. Ал Мұстафа Шоқайдың дауысы 1936 жылы осы елдің астанасы Берлинде жазып алынды.

Бұл жолы Азаттықтың Мюнхен кезеңіндегі қызметкерлеріне хабарласып, толығырақ мәлімет алуға талпыныс жасалды. Олардың арасында Әлихан Жаналтай Мұстафа Шоқайдың дауысын алғаш естігендегі әсерін толқып отырып әңгімеледі. Әлихан Жаналтай Азаттық радиосында 18 жыл қызмет атқарған.

– Мұстафа Шоқайдың 1936 жылы Берлинде түркістандық жастар алдында сөйлеген сөзін алғаш рет 1978 жылы естідім. Сол жылы Азаттық радиосына жұмысқа тұрған кезім еді. Желтоқсан айының аяғында Мұстафа Шоқайдың жылдығына әзірленген бағдарламаның бірінде оның дауысы эфирге берілді. Соны алғаш естігенде Мұстафа атамыз дәл алдымда маған қарап сөйлеп тұрғандай сезіндім... Сосын редакциядағы үлкен ағаларымыз бізге Мұстафа туралы лекция оқып берді. Қатты тебірендім... Қазір де сол дауыс туралы айтылған сәтте де мен тебіреніп отырмын, – деді Әлихан Жаналтай эмоциясын жасыра алмай.

"ТӘЖІК БӨЛІМІ МҰСТАФАНЫҢ ДАУЫСЫН ІЛЕСПЕ АУДАРМАМЕН БЕРЕТІН"

Әлихан Жаналтайдың айтқанына қарағанда, Мұстафа Шоқайдың дауысы әуелде радиодағы Орталық Азия елдері тілдерінде хабар тарататын Түркістан редакциясы арқылы эфирге беріліп тұрған. Бұл дауыс радио алғаш ашылған кезден бастап редакция қорында болған.

Кейін біртұтас Түркістан редакциясы үшке бөлінген кезде де Мұстафа Шоқайды еске алған уақытта оның үнін эфирге пайдалану үрдісі үзілген жоқ.

Мұстафа Шоқай (1890 - 1941) – Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы, ХХ ғасырдағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, саяси эмигрант.
Мұстафа Шоқай (1890 - 1941) – Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы, ХХ ғасырдағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, саяси эмигрант.

– Мұстафа Шоқайдың дауысын Азаттық радиосының қазақ бөлімі ғана емес, Орталық Азияға хабар тарататын бөлімдердің қай-қайсысы да эфирге пайдаланатын. Қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен тілдеріндегі хабарларда болатын. Тәжік бөлімі Мұстафаның дауысын ілеспе аудармамен беретін, – дейді Әлихан Жаналтай.

Еуропадағы Орталық Азия елдерінен шыққан эмигранттар, яғни түркістандықтар арасында Мұстафа Шоқай идеялары маңызды болды дейді Әлихан Жаналтай. Бұған әсіресе Түркия зиялылары, Түркияға қоныс аударған өзбек зиялылары көбірек назар аударған сияқты.

– Бұл идеяны көп насихаттаған өзбек ағайындар болды. Таһир Шағатай, Әбділақап Оқтайлар Түркияда Мұстафаның еңбектерін танытты. Оның күрескерлік қызметін зерттеді. Түркияға Мұстафа Шоқайдың үнін жеткізген де осы кісілер болды, – дейді Әлихан Жаналтай.

"БҰЛ ДАУЫСТЫ УӘЛИ ҚАЮМ-ХАННАН АЛДЫМ"

Азаттық радиосында сақталған Мұстафа Шоқайдың дауысы туралы подкасты әзірлеу барысында бірсыпыра сұрақ туындаған. Радионың бұрынғы қызметкері Әбдіуақап Қара сол сұрақтарға орай Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі болған Шағатай Көшерге хабарласуды ұсынды.

Шағатай Көшер Мұстафа Шоқайдың дауысының тағы бір нұсқасы оның көзін көрген, Түркістан комитетінің жетекшісі болған, соғыс тұтқындары үшін Түркістан легионын құрды дейтін әйгілі Уәли Қаюм-ханның қолында да сақталғанын айтты.

Ол Мұстафаның үні жазылған таспаның бір нұсқасын 1991 жылы Уәли Қаюм-ханмен сұхбаттасқанда алдым дейді. Сол жылы Мұстафа Шоқайдың қайтыс болғанына 50 жыл толған еді.

Шағатай Көшер Азаттықтың Түркістан редакциясының бұрынғы тілшісі Дәулет Тағыберлінің зираты басында. Құлпытаста латын қарпімен "Қазақ дегенде жаны қалмайтын" деп жазылған. Германия, Мюнхен, 11 маусым, 2020 жыл. Сурет Әлихан Жаналтайдан алынды.
Шағатай Көшер Азаттықтың Түркістан редакциясының бұрынғы тілшісі Дәулет Тағыберлінің зираты басында. Құлпытаста латын қарпімен "Қазақ дегенде жаны қалмайтын" деп жазылған. Германия, Мюнхен, 11 маусым, 2020 жыл. Сурет Әлихан Жаналтайдан алынды.

– Мен бұл дауысты Түркістан ұлттық бірлік комитетінің басшысы Уәли Қаюм-Ханнан алдым. Оның Мұстафа Шоқай жайлы өте жақсы айтқан жерлері бар. Мұстафа Шоқайдың опат болғанына 50 жыл толғанда Уәли Қаюм-Ханмен бір сұхбат өткізгенмін, – деді Шағатай Көшер Азаттыққа.

Ол бұл дауыс Уәли Қаюм-Ханның архивінде сақталғанын айтады. Осы сұхбаттан соң ол Уәли Қаюм-Ханнан Мұстафа Шоқай туралы көбірек дерек сұраған. "Ол кісімен жақын араласатын едік, мен оның өмірбаянын жазған едім" деді Шағатай Көшер.

– Уәли Қаюм-Ханмен қатынасымыз жақсы болатын. Барыс-келісіміз бар еді. Мюнхенге келгенде, біздің үйге тоқтайтын. Мен сондайда одан Мұстафа Шоқай туралы тағы қандай мағлұматтар бар деп өтініп сұрадым. Кітап па, кассета ма, не бар деп едім, ол 1936 жылы Берлинде Түркістан жастары алдында сөйлеген сөзі бар деді. Соны маған берді. Алғаннан кейін оны мен елге тараттым, – дейді Азаттықтың Өзбек бөлімінде тілші болған Шағатай Көшер.

"УӘЛИ ҚАЮМ-ХАН ШОҚАЙ ТУРАЛЫ АЙТҚАНДА ЖЫЛАЙ БЕРЕТІН"

Мұстафа Шоқай мен Уәли Қаюм-Ханның арасы қандай болған? Бұл туралы совет деректерінде Мұстафаның өліміне Уәли Қаюм-Ханды айыпты етіп көрсететін. Шағатай Көшер болса, бұл дерек шындыққа сәйкес келмейтінін айтады.

– Уәли Қаюм-Хан мен Мұстафа Шоқайдың ортасын бұзу үшін кейбір мәскеулік коммунистер өсек таратқан. Соның ешбірі де шындыққа сәйкес келмейді! Мен факт ретінде дәлелмен айтайын. Өзім куәмін, Уәли Қаюм-Хан әр жолы Мұстафа Шоқай туралы айтқанда "Мұстафа аға, Мұстафа аға" деп жылай беретін еді, – дейді Шағатай Көшер.

Түркістан комитетінің жетекшісі болған Уәли Қаюм-Хан (1904 - 1993).
Түркістан комитетінің жетекшісі болған Уәли Қаюм-Хан (1904 - 1993).

Уәли Қаюм-Хан Азаттықтың Өзбек бөлімінің тілшісі Шағатай Көшерге берген сұхбатында Мұстафа Шоқай туралы шағын естелік айтқан екен.

"Мен мәртебелі Мұстафа Шоқаймен көп уақыт бірге болдым. Бірге істедік. Пікірлес болдық. Отан жолында бірге уайымдадық. Бір-бірімізге сендік. Бұл сенім біздің қозғалыстың негізі болды. Әр уақытта біз бір бағытта болдық. Бұл қозғалыс бөлінбес биік Түркістанды аңсады. Онда өз қауымына бұра тарту, рушылдық деген жоқ еді. Мұстафа өзі жазған мақалаларында, жазба мұраларында Өзбекстан, Қазақстан және басқа да республикаларды Түркістанның бір бөлігі деп танитын. 1917 жылы ол жастығына қарамастан, Қоқан автономиясының президенті болып сайланды. Сөйтіп жүріп, Мұстафа Шоқай Алашорда үкіметінің де мүшесі болды", – деген Уәли Қаюм-Хан 1991 жылы Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында.

МҰСТАФАНЫ СОҢҒЫ КӨРГЕН ТҮРКІСТАНДЫҚ

Мұстафа Шоқай қайтыс боларының алдында Екінші дүниежүзілік соғыста Германия тұтқынына түскен түркістандықтар отырған лагерьлерді аралаған. Сонда жүріп, сүзек жұқтырғаны жайлы айтылады. Сол сапарында Мұстафа Шоқайдың жанында Уәли Қаюм-Хан бірге болған. Бұл Мұстафаның соңғы сапары еді. Ал Уәли Қаюм-Хан Мұстафа Шоқайдың жаназасын шығарған кезде оның жанында түркістандықтардан жалғыз өзі ғана болғанын айтады.

"1941 жылы қараша айында Мұстафа Шоқай екеуіміз Польшаға бардық. Польшадағы тұтқындар лагерін араламақшы едік. Сонда Мұстафа Шоқай ауру жұқтырып алса керек. Мен сол сәт Мұстафа Шоқаймен Берлинге қайтып келдім, екеуіміз ауруханаға бардық. Ол ауруханада қалды. Опат болған уақытында Мұстафаның жаназасында менен басқа түркістандық болған жоқ. Бар түркістандық Түркияда және Еуропаның басқа мемлекеттерінде еді. Мұстафа Шоқай жоғары білімін Петроградта құқық мамандығымен тәмамдаған. Орта білімін Ташкентте алған. Опат болған кезінде Парижде тұратын еді", – дейді Уәли Қаюм-Хан сұхбатында.

Қазақ ССР үкіметін басқарған кезде Нұрсұлтан Назарбаевқа қастандық жасалғаны рас па? Алғашқы бүкілхалықтық сайлауға дейін Назарбаевтың Азаттық радиосындағы келбеті қандай болды? "Азаттық радиосы – 70 жыл" подкасымыздың келесі эпизоды осы туралы болмақ.

Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG