Accessibility links

Ресей тергеу комитеті тәжік қызының мектепте әлімжеттік көруіне қатысты оқиғаны тексереді


Ресей тергеу комитеті тәжік оқушысының сыныптастарынан таяқ жегені туралы видеоны зерттейді. Бұл туралы «Фонтанка» басылымы хабарлады.

Әлеуметтік желілерде таралған осы видео Санкт-Петербург қаласы Приморск ауданындағы мектептердің бірінде түсірілген.

Видеода екі оқушы бала сыныптас қызды мектепте жабылып ұрған. Төбелес кезінде сол сыныпта болған мұғалім әйел оқушыларды ажыратуға тырыспаған.

Төбелес кезінде оқушы балалардың бірі жұдырықпен қыздың бір бүйірін түйрей ұрған. Оқушы қыз еденге отырып қалған. Төбелес кезінде басқа да оқушылар тәжік қызын кемсітетін сөздер айтып тұрды. «Ресей орыстарға, Мәскеу мәскеуліктерге» деп айқайлайды оқушылардың бірі.

«Фонтанка» мәліметінше, бұл оқиға ақпан айында болған. Басылым дереккөзінің айтуынша, оқушы балалар қыздарға қағаздар лақтырған, содан кейін ұрыс басталып, қыздардың бірі қатты зардап шеккен. Содан кейін сынып жетекшісі қыздың ата-анасын мектепке шақыртқан. Оқушыдан «кешірім сұраған», таяқ жеген қыз медициналық көмекке жүгінбеген. «Фонтанка» дереккөзінің айтуынша, төбелеске қатысқандардың бәрі мектепке барып жүр, осы оқиғадан кейін «олардың арасында ұрыс болмаған». Басылым мәліметінше, осы оқиға мектеп әкімшілігіне де жетпеген.

19 сәуірде Интернет қауіпсіздігі лигасының басшысы Екатерина Мизулина әлеуметтік желілерде таралған видео туралы пікір айтқан. «Мектептер осындай оқиғаларды неге жасырып қалғысы келетіні толғантады. Дұрыс емес» деп жазған ол. Мизулина осы оқиғаны құқық қорғау органдары тексеріп жатқанын жариялаған.

Артынша Дағыстан адам құқықтары жөніндегі уәкіл Жамал Әлиев осы оқиғаға назар аударған. Ол мектепте дағыстандық қыз таяқ жегенін, Санкт-Петербург прокуроры Виктор Мельникке шағымданғанын хабарлаған. Кейін оқушы қыздың Тәжікстан азаматы екені анықталған. Соған қарамастан шенеунік мәлімдемелерінен бас тартпайтынын айтып, болған оқиғаны «фашизмнің мектепте туындауы» деп сипаттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG